Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі қарсаңында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Жаңа Конституция: Әділетті Қазақстанның берік негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің модераторы болған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиынды аша отырып, жаңа Конституция мемлекет пен қоғам дамуының жаңа моделінің берік негізін қалағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл модельдің өзегінде адам құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, азаматтық қоғам институттарын дамыту, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі әрі Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды алғышарты ретінде орнықтыру міндеті тұр.
Дөңгелек үстел жұмысына облыс әкімдігінің өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастық мүшелері, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің институты, Қоғамдық кеңес, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
(Іс-шара жаңа Конституцияны іске асырудың негізгі бағыттарын талқылайтын беделді сараптамалық алаңға айналды. Пікірталас барысында қатысушылар ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтық қоғам институттарын дамыту, жастардың азаматтық жауапкершілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ тарихи жады мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Дөңгелек үстелде конституциялық реформаларды іске асырудағы жоғары оқу орындарының рөліне ерекше назар аударылды.
«Жоғары оқу орындарының конституциялық реформаларды іске асырудағы және Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасаған Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры С. Рахметуллина жаңа Конституцияда адами капиталды, ғылымды, инновациялар мен технологияларды дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде университеттер тек білім беру ұйымдары ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті мамандар даярлайтын, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізетін, инновациялық технологияларды әзірлеп, оларды коммерцияландыруды қамтамасыз ететін, білім, ғылым және өндірістің өзара ықпалдастығын нығайтатын маңызды ғылыми-білім беру орталықтарына айналып келеді. Сонымен қатар баяндамада «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың университет ғылымын дамытуға және елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға беретін жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Университеттің ғылыми ұстанымын Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ. Калиева таныстырды. «Әділетті Қазақстан: тарихи жады мен тарихи-мәдени мұраны сақтаудың конституциялық негіздері» тақырыбындағы баяндамасында ол жаңа Конституция ұлттық тарихи мұраны сақтау мен азаматтық бірегейлікті нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырғанын атап өтті. Баяндамашы тарихи жадыға, мәдени мұра мен рухани құндылықтарға ұқыпты қарау өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиеттерін тәрбиелеуге, қоғамдық бірлікті нығайтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал ететінін ерекше айтты. Сондай-ақ баяндамада Шығыс Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты зерттеу мен кеңінен насихаттаудың ғылыми негіздерін одан әрі дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамалар ұсынылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын табысты іске асыру мемлекет, ғылыми қауымдастық және жоғары білім беру жүйесінің өзара тығыз ықпалдастығын талап ететінін атап өтті. Білімді, ғылымды және инновацияны тоғыстырған университеттер адами капиталды дамытудың маңызды орталықтарына айналып, елдегі конституциялық реформаларды іске асырудың интеллектуалдық тірегі ретінде Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса беретіні айтылды.






