Бүгінгі Көрісу күнімен тұспа тұс келген Құрылтайдың жоғары деңгейде өтуі мен оның аясында ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртуға қосқан үлесі зор екені даусыз. ️
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ.
Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек».
«Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар.
Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Сондықтан Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді.
Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл - кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім».Мемлекет басшысы:
«Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек.
Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуға кірісуі қажет. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл - өте өзекті мәселе».
«Біз мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауға кірісуіміз керек. Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл - уақыт талабы».
«Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз.
Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады» деген өзекті мәселелерді көтерді. Шығыс Қазақстан техникалық университеті ретінде біз осы бастамаларды қолдай отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға күш саламыз.