Жыл сайын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті ШҚ ӨҒТ «Дарын» орталығымен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарының он бірінші сынып оқушыларына арналған Д.Серікбаев атындағы Өңірлік олимпиадасын өткізеді. Биылғы жылы оған өз білімін көрсетіп, олимпиаданың бас жүлдесі үшін күресуге бел буған 200-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты.
Дәстүрлі түрде олимпиада бес пән бойынша өткізіледі: математика, физика, химия, география, сурет. Оның басты мақсаты ғылыми білімді насихаттауға, оқушылардың зияткерлік деңгейін жетілдіруге, жетістікке қол жеткізу уәждемесін қалыптастыруға негізделген.
Өңірлік олимпиаданы ашу рәсімі кезінде Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Темірбеков Нұрлан және ШҚ ӨҒТ «Дарын» орталығы директорының орынбасары Оразғалиева Жанна оқушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Олар мектеп оқушыларына алға қойған барлық міндеттерді шешуде сәттілік тілеп, өз мектебінің беделін көтеруге жеке үлес қосу үшін меңгерген білімі мен күшіне әрқашан сенімді болуға ынталандырып, жылы лебіздерін білдірді.
– Осы сияқты олимпиадаларға қатысу мектеп оқушыларына баға жетпес тәжірибе беріп, оларды ерекше ойлауға, қолданбалы есептердің қызықты шешімдерін табуға үйретеді, – деп атап өтті Нұрлан Темірбеков. – Сонымен бірге, бұл дегеніміз жоғары оқу орнында тегін оқудың бірегей мүмкіншілігіне ие болу. Өйткені бірінші орын алған олимпиада қатысушылары грантқа ие болады, ал бұл грант Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да таңдалған бейіндік пәнге сәйкес келетін кез келген мамандық бойынша тегін оқу құқығын ұсынады (ҰБТ-ні табысты тапсырған жағдайда).
Нәтижесінде, барлық пәндер бойынша олимпиада қорытындылары шығарылған соң, екінші және үшінші орын алған қатысушылар дипломдармен марапатталды. Бас жүлде – Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректорының гранты салтанатты түрде үш жеңімпазға тапсырылды. География пәні бойынша Өскемен қаласындағы №11 мектеп-гимназияның оқушысы Диана Мусина, математика пәні бойынша – Өскемен қаласындағы математика, физика аясындағы дарынды балаларға арналған №25 мамандандырылған мектептің оқушысы Ольга Копейкина, сурет пен сызу бойынша – Риддер қаласындағы «Лицей» ОТК КММ-нің оқушысы Тахир Мұқын жеңімпаздар атанды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!