Аталған мекеменің бас маманы Айгерім Нұркенова вакцина салдыру процесі, оның пайдасы, кері әсері және коронавирусқа байланысты қаланың бүгінгі көрінісі жайында ақпарат берді.
Сонымен маманның айтуынша, қазіргі уақытта ШҚО тұрғындарына тек ресейдің «Спутник-V» вакцинасы егіліп жатыр. Вакцинация ТЕГІН жасалады. Екпені 15-тен 65 жасқа дейінгі азаматтарға салуға болады.
Бұл процедураны жасату үшін Сіз өзініздің тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша тіркелген медициналық мекемеге жүгіне аласыз. Сонымен қатар, жұмыс орныңыз келісім жасасқан мекемеге әріптестеріңізбен бірге баруыңызға болады. Айта кетсек, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қызметкерлері №2 медициналық санитарлық бөлімге жүгініп қызмет ала алады.
Пациентке «Спутник-V» вакцинасының 2 дозасы салынады. Біріншісі алғаш келгенде егілсе, екінші дозасы 21 күннен соң беріледі. Вакцина салынғаннан кейін 3 күнде тұмау симптомдары, дене қызуы 39,5 –ке дейін көтерілуі, әлсіздік, ісіну, сияқты белгілер болуы мүмкін.
Екпе салдырғаннан кейін пациентке «Спутник-V» препаратының бірінші дозасын алғаны туралы және екінші компонентті салатын уақыты көтсетілген SMS-хабарлама келеді. Сондай-ақ, Damumed бағдарламасында вакцинация жасалғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
Екпені салуға болмайтын жағдайлар: сол уақытта коронавируспен ауырып жатқандар, иммунотерапия алушылар, жүкті және бала емізетін әйелдер. Егер коронавируспен ауырған болсаңыз, онда тек 6 айдан соң салдыруыңызға болады.
Есіңізде болсын, вакцина Сізді індеттен 100 пайыз қорғамайды. Ол иммунитетіңізге вирусқа төтеп беруге көмектеседі. Сондықтан санитарлық–эпидемиологиялық талаптарды сақтаған абзал.