Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім алып жатқан 1 және 3-курс студенттері арасында «Күткенім мен шындығым» («Ожидание и реальность») тақырыбында ерекше форматтағы коворкинг кеші ұйымдастырылды.

Кештің басты мақсаты – бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне қолдау көрсету, жоғары курс студенттерінің тәжірибесімен бөлісу және жастар арасында еркін қарым-қатынас пен достық байланысты нығайту.

Кездесу еркін пікір алмасу, қызықты сұрақ-жауап және интерактивті ойындар форматында өтті. Бірінші курс студенттері жоғары курс студенттеріне университеттегі оқу үдерісі, студенттік өмір, жаңа ортаға бейімделу және алдағы мүмкіндіктер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Ал үшінші курс студенттері алғашқы курстағы қызықты оқиғаларын, есте қалған сәттерін, жіберген қателіктері мен алған сабақтарын ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ уақытты тиімді пайдалану, сабақ пен қоғамдық өмірді қатар алып жүру, студенттік мүмкіндіктерді дұрыс бағалау жөнінде пайдалы кеңестер берді.

«Университетке келгенде не күттік және шын мәнінде не көрдік?» деген сұрақ төңірегіндегі ашық әңгіме кештің ең қызықты бөліктерінің біріне айналды. Шынайы естеліктер, әзілге толы оқиғалар мен әсерлі жауаптар кездесуге ерекше көңіл күй сыйлады.

Бұл кеш жай ғана кездесу емес, студенттердің бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасып, жаңа достар табуына мүмкіндік берген жылы жүздесу болды.

Бірінші курс үшін – жаңа тәжірибе мен пайдалы кеңес, ал үшінші курс үшін – студенттік өмірдің алғашқы қадамдарын еске түсірген ерекше кеш!

Осындай кездесулер студенттер арасындағы бірлікті арттырып, университеттегі жарқын естеліктердің біріне айналары сөзсіз.