2026 жылғы 4 қарашада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрісі және жұмысқа қабылдау кезіндегі сынама әңгімелесу (Mock-интервью) өтті. Іс-шаралар студенттерді заманауи өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмысымен таныстыруға және болашақта жұмысқа орналасуға дайындауға бағытталды.
Сағат 10:20-да «KAZ Minerals компаниясындағы жабдықтардың сенімділігі» тақырыбында қонақ дәрісі ұйымдастырылды. Дәрісті «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС жабдықтардың сенімділігі жөніндегі аға инженері Дулат Бейсенали жүргізді. Кездесуге университеттің 2–3-курс студенттері қатысты.
Дәріс барысында маман компанияның қызметі, Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің жұмысы және өндірістік жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудегі сенімділік қызметінің рөлі туралы баяндады. Ақауларды ерте анықтап, жоспардан тыс тоқтап қалудың алдын алуға мүмкіндік беретін вибродиагностика, термография және майды талдау сияқты заманауи техникалық диагностика әдістеріне ерекше назар аударылды.
Нақты өндірістік жағдайлар негізінде студенттер жабдықтардың жай-күйін бақылау тәсілдерімен, техникалық қызмет көрсетуді жоспарлау қағидаттарымен және өндірістік үдерістердің сенімділігін арттыру жолдарымен танысты. Сондай-ақ дәріскер компаниядағы кәсіби қалыптасуы мен мансаптық өсу тәжірибесімен бөлісті.
Сағат 13:00-де KAZ Minerals өкілдерінің қатысуымен сынама әңгімелесу өтті. Оның барысында студенттер жұмысқа қабылдау кезіндегі сұхбаттың өту тәртібімен және жұмыс берушінің болашақ мамандарға қоятын талаптарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай кездесулер Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің кәсіби білімін кеңейтуге, болашақ мамандығының практикалық қырларын түсінуге және еңбек нарығына сенімді қадам жасауына ықпал етеді.