2024 жылдың 26 ақпанында Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2024» және «Үздік ғылыми қызметкер - 2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл маңызды іс-шара еліміздегі жоғары білім саласының дамуына зор үлес қосқан ғалымдар мен оқытушыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін бұл күн ерекше қуаныш пен мақтанышқа толы болды. Себебі, біздің университетіміздің үш оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы - 2024» байқауында жеңімпаз атанып, еліміздің ең үздік 150 оқытушысының қатарынан орын алды. Олардың қатарында университетіміздің ғалымдары - Ескермесов Дидар Кайратович, Кеңесбеков Айдар Бақытбекұлы және Баятанова Ляйла бар.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің тағы бір ғалымы, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Саденова Маржан Ануарбековна «Үздік ғылыми қызметкер - 2024» сыйлығын инжиниринг және технологиялар бағытындағы ғылыми еңбектері үшін иеленіп, марапатталды. Маржан Ануарбековна еліміздегі ғылыми қоғамдастыққа үлкен үлес қосып, көптеген зерттеулер мен ғылыми жобаларға жетекшілік етуде. Оның ғылыми қызығушылықтары тұрақты даму, минералдық және техногендік шикізатты өңдеуге жаңа энергия мен ресурсты үнемдейтін технологияларды әзірлеу, сондай-ақ антропогендік әсерді зерттеу және минимизациялау мәселелерімен байланысты.

Саденова М.А. ғылыми салада өзіндік орны бар маман ретінде соңғы 5 жыл ішінде 73 ғылыми жарияланым, соның ішінде Web of Science және Scopus базаларында жарияланған 51 мақала жазды. Ол 12 интеллектуалдық меншік объектісінің авторы, оның ішінде 1 евразиялық патент және 6 қазақстандық патент бар. Сонымен қатар, бірнеше халықаралық ғылыми конференциялардың тұрақты қатысушысы болып табылады.

Саденова Маржан Ануарбековна университетіміздің ғылыми жұмыстарында жетекші рөл атқарып, көптеген ғылыми жобалардың жетекшісі болып табылады. Оның жетекшілігімен бірнеше докторлық диссертациялар қорғалып, оның ғылыми бағыты мен педагогикалық қызметі университетіміздің беделін арттыруға үлкен септігін тигізуде.

Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтай отырып, оларға шығармашылық табыс, жаңа ғылыми ашылымдар мен жоғары кәсіби жетістіктер тілейміз. Осы байқау еліміздің білім беру саласында еңбек етіп жүрген оқытушылар мен ғалымдардың жоғары кәсіби деңгейін бағалау мен олардың жетістіктерін танытуға зор мүмкіндік береді.

Барлық оқытушыларымыздың еңбегі университетіміздің абыройын арттыруға, еліміздің білім саласына қосқан үлесін еселеуге септігін тигізетіні сөзсіз. Алдағы уақытта да Шығыс Қазақстан техникалық университеті өзінің ғылыми және білім беру қызметінде жаңа биіктерді бағындырып, еліміздің білім беру жүйесіне үлес қосуға ұмтылысын жалғастыра береді.

Барша университетіміздің оқытушыларын, ғылыми қызметкерлерін және студенттерін жаңа жетістіктер мен табыстарға жетуіне тілектеспіз!