Құрметті әріптестер, серіктестер және су саласының мамандары!

Университет ұжымы атынан баршаңызды Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Су шаруашылығы  экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, өңірлердің тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін экономиканың стратегиялық маңызды салаларының бірі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану мен сақтаудың берік негізі болып табылады.

Осы мерекеде су электр станцияларының, су шаруашылығы кәсіпорындарының, бассейндік инспекциялардың, облыстық ұйымдардың ұжымдарына және саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген барлық мамандарға ерекше алғысымызды білдіреміз.

Университетіміздің су шаруашылығы саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлаудағы көпжылдық тәжірибесін мақтан тұтамыз. Біз білім алушыларға заман талабына сай білім мен тәжірибелік дағдыларды қалыптастырып, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ерекше мән береміз.

Бұл бағыттағы маңызды құрылымдардың бірі - Су шаруашылығы және суды пайдалану саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығы. Орталық білім беру, ғылым және өндірісті өзара байланыстырып, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді және су секторындағы кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады.

Алдағы уақытта да өзара әріптестігіміздің ғылымды дамытуға, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және Қазақстан Республикасының су шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін тиімді шешуге қызмет ететініне сенім білдіреміз.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс, тұрақтылық, жаңа жетістіктер, қолға алған жобаларыңыздың табысты жүзеге асуын және су саласының одан әрі өркендеуін тілейміз!

Мерекелеріңіз құтты болсын! Су шаруашылығы қызметкерлері күні құтты болсын!