Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында ол өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Кездесулерге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жұмыс сапары аясында делегация Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде орналасқан «Лу Бань» шеберханасына барды - бұл инновациялық халықаралық орталық Тяньцзинь кәсіби институтымен (ҚХР) әріптестікте құрылған.

Бүгінде «Лу Бань» шеберханасында инженерлік даярлаудың заманауи бағдарламалары жүзеге асырылуда. Олар EPIP (Engineering Practice Innovation Project) әдістемесіне негізделіп, көлік технологиялары саласындағы озық қытайлық жабдықтарды қолдану арқылы жүргізіледі. Оқу бағдарламалары дәстүрлі көлік құралдарын диагностикалау, гибридті және электрлік жүйелермен жұмыс істеу, сондай-ақ беспилотты смарт көліктерді, көлік ағындарын ұйымдастыруды және SMART-жолдарды құруды қамтиды.

Шеберхана аясында бес заманауи зертхана жұмыс істейді. Олардың қатарында бензинді, гибридті және электрлі көліктерді диагностикалау кешені, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйелерін симуляциялау және сынақтан өткізу зертханалары бар. Студенттер нақты Haval және BYD көліктерінде тәжірибе жасап, автономды қозғалыс жүйесімен жабдықталған "ақылды қала" макеттерін қолдана отырып білім алуда. Сонымен қатар, олар отандық Allur автоконцернінің базасында дуальды оқудан өтеді.

Шеберхана базасында Либерия, Нигерия, Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Пәкістан және Египет сияқты 12 елден келген 400-ден астам студент білім алуда.

Студенттер өздерінің ғылыми-инновациялық жобаларын көрсетіп, шетелдік студенттер Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да алған білімнің сапасына байланысты жағымды әсерлерімен бөлісті.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде «Лу Бань» шеберханасын Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы стратегиялық әріптестіктің нақты әрі табысты мысалы ретінде атап өтті.

Ол университеттің бұл бағыттағы жұмысын жоғары бағалап, жобаның ерекше маңыздылығына тоқталды:

«Осындай шеберханалардың арқасында елімізде озық технологиялар енгізіліп, жастар болашақтың техникалық және жоғары білікті мамандықтарына дайындалуда. Осы шеберхананың түлектері ертең-ақ өндіріс орындарында сұранысқа ие инженерлерге айналады. Бұл - Мемлекет басшысының "Еңбек адамы - экономиканың тірегі" саясатының нақты көрінісі», - деді ол.

Сондай-ақ университет ұжымына білім беру, ғылыми және инновациялық қызметтегі табыстар тіледі.

Сапар аясындағы кездесулерде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен жоғары білім саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді. Ол өз сөзінде:

«Бүгінде инженерлік білім - елдің экономикалық әлеуетін қалыптастырып жатқан басты сала. Жетекші ғылыми-техникалық жаңалықтар дәл осы бағытта жасалып жатыр. Бұл - практикалық бағытталған кадрларды дайындаудың нәтижесі. Бүгінгі инженерлік білім беру моделі әлемдік тәжірибе мен халықаралық стандарттарға сәйкес құрылуда. Бұл бағытта университеттер мен өндіріс орындарының тығыз әріптестігі, білім беруді цифрландыру, тұрақты даму қағидаттарына назар аудару басты қағидаға айналды. Жобаларды жүзеге асыруда халықаралық серіктестер қолдау көрсетіп отыр. Модель бакалавриат, магистратура және докторантура сатыларында толық жүзеге асырылуда. Осы үлгінің табысты жүзеге асқан нақты мысалдарының бірі - "Лу Бань" шеберханасы», - деп атап өтті.

Министр сондай-ақ «Лу Бань» шеберханасының әлеуетін кеңейту және ғылыми-зерттеу жобалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытындағы алдағы жоспарлармен бөлісті.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Тяньцзинь кәсіби институты арасында жасалған келісім аясында «Интеллектуалды автокөлік технологияларын енгізу және жетілдіру жөніндегі Қазақстан-қытай инженерлік орталығы» құрылуда.

Орталық базасында:

  • SMART-көліктер мен SMART-жолдар технологиялары бойынша оқыту жүргізіледі;
  • өңірге қажетті техникалық мамандардың біліктілігі арттырылады;
  • интеллектуалды жүйелер технологияларын зерттеу және дамыту Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігінде жүргізілетін болады.

Бүгінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті - жоғары технологияларды трансферлеуге, білікті кадрлар даярлауға және өңірлік экономиканың инновациялық дамуына бағытталған ғылыми-зерттеу және білім беру платформасына айналып отыр.