Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңында Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуетіне арналған форум өтті.

Өңірдің жетекші техникалық жоғары оқу орны қабырғасында дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ ірі, орта және шағын бизнес өкілдері бас қосты. Құрметті қонақтардың қатарында Корея Республикасы, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстанның Төтенше және Өкілетті Елшілері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Бельгия, Швеция елдерінің дипломатиялық миссиялары мен Дүниежүзілік банктің өкілдері болды.

Форум аясында қонақтар мен қатысушылар Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ғылыми орталықтары мен құзыреттілік орталықтарының жұмысымен танысты. Оларға университет зертханаларының, инновациялық платформалар мен алдыңғы қатарлы ғылыми жобалардың қызметі таныстырылды. Әсіресе инженерлік кадрларды даярлау, технология трансфері және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Форум панельдік сессиялармен және екіжақты кездесулермен жалғасты. Онда өңірдің ғылыми-білім беру саласымен ықпалдастық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.