2025 жылғы 26 маусым мен 6 шілде аралығында АҚШ-тың Алабама штаты, Бирмингем қаласында полицейлер мен өрт сөндірушілер арасындағы Әлемдік ойындар өтті. Бұл – күштік құрылымдар өкілдері арасында әлем бойынша өткізілетін беделді халықаралық жарыс. Биылғы додада 80-нен астам елден 10 000-нан астам спортшы бақ сынады.

Қазақстан құрамасы атынан сынға түскен сегіз спортшының қатарында Түркістан облысының намысын қорғаған Утешов Нұрқанат зор табысқа қол жеткізді. Ол қол күресінен екі қолмен де чемпион атанып, ел абыройын асқақтатты.

Нұрқанат — Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Жол қозғалысын ұйымдастыру» білім беру бағдарламасы бойынша түлегі. Қазіргі уақытта ол әкімшілік полиция батальонында қызмет етеді. Айта кету керек, бұл оның алғашқы халықаралық жеңісі емес – 2022 жылы да ол Нидерландта өткен осы ойындарда Қазақстан атынан өнер көрсеткен болатын.

Түлектің бұл жетістігі – тек жеке қажыр-қайрат пен ерік-жігердің ғана емес, сонымен қатар кәсіби және физикалық дайындықтың жоғары деңгейінің нәтижесі.

Университет ұжымы Нұрқанатты шын жүректен жеңісімен құттықтап, спорт пен қызмет жолында жаңа табыстар тілейді!