8 қыркүйек күні Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-де ҚР Білім және ғылым Министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Нығметов Ғани Сақтағанұлы мен Оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Николай Николаевич Линоктың қатысуымен  ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасын таныстыруы жүргізілді.  

Кездесуді аша отырып, Ғани Нығметов мемлекеттің ауқымды индустриализациялануы және «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары  шеңберіндегі реформаларды жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан экономикасын диверсификациялап, индустриализациялау үшін мемлекеттік дағдарысқа қарсы және құрылымды өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді атқара алатын әлемдік деңгейдегі кәсіби кадрларды даярлау жүйесін барынша арттыруды тапсырғандығын атап өтті.

- Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасының 158 түлегі Шығыс Қазақстан облысында қызмет етуде. Олардың 49,5%-ы  мемлекеттік органдар мен мекемелерде, 30% -ы жекеменшік компанияларда,  2,5%-ы шетелдік компанияларда жұмыс істеуде. Сонымен қатар, бүгінгі күні шетелде білім алып жатқан  «Болашақ» бағдарламасының 50 стипендиаты Шығыс Қазақстан облысының тумасы болып табылады. Олардың 40-ы  магистратура бағдарламасы бойынша, 5-і бакалавриат, 4-і тағылымдама және 1 адам докторантурада оқиды, - деген ақпараттармен Ғ.Нығметов біздің облысымыз бойынша жеке ақпарат беріп өтті. 

bolashak prog_bolashak.jpg

Осы таныстырудан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге барып оқығысы келетіндерге Ғани Сақтағанұлы «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының мақсаты мен оқуға түсу үшін қойылатын төменгі талаптар бойынша залда отырғандарды таныстырып өтті.

І тур:  IELTS: 9.0-дан 5.0

  TOEFL: ITP**/PBT 677-тен 417

  IBT 120-дан 35

ІІ тур:  КАЗТЕСТ 150 сұрақтан 75  (Мемлекеттік тілді білуі)

ІІІ тур: Шетелде тұруға және оқуға қабілеттілігіне психологиялық диагностика жүргізіледі.

ІV тур: ҚР Конституциясы бойынша білімі, Қазақстанның тарихы, Мемлекеттік Рәміздер және де ең бастысы, өтініш берушінің кәсіби дайындығының деңгейі анықталады.

V тур: Шешім қабылдау "Келісім-шарт жасасу"

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау үш кезеңде өткізіледі: бірінші – 11 сәуірден бастап 13 мамырға дейін; екінші – 13 маусымнан бастап 29 шілдеге дейін; үшінші – 15 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 301 қаулысының негізінде құрылған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы «Болашақ» стипендиясының ресми әкімшісі болып табылады.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің баспасөз қызметі