Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 4 кездесу ұйымдастырылып, 250-ден астам студент қамтылды. Кездесуді «Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қызметкерлері өткізді.

Кездесуге Халықаралық инженерия мектебі, Сәулет, құрылыс және энергетика, Жер туралы ғылымдар, Сандық технологиялар және жасанды интеллект мектептерінің 1-2 курс студенттері мен Жоғары ІТ колледж оқушылары қатысты.

Кездесудің мақсаты, студенттердің діни сауаттылығы мен мәдени толеранттылығын қалыптастыру және дамыту.

Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы А. Тұрғанбаев, студенттерді уақытты тиімді пайдалана білуге, бос уақытты әлеуметтік желіде емес, шет тілдерін үйренуге, мамандыққа қатысты білімдерін жетілдіруге және кәсіби тұрғыдан дамуға шақырды. Діни білімге қатысты ақпаратты өз ісінің мамандарынан (теолог, имам) алуға немесе тек ресми сайттарға жүгінуге кеңес берді.

Сондай-ақ, Орталықтың теолог маманы Р. Назарбеков, «Деструктивті діни идеологияның қаупі» тақырыбында дәстүрлі емес діни топтардың шығуы мен зардаптары жөнінде дәріс оқыды. Сөз барысында, студенттерге қоғамда деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыру қажет екендігін баса айтып, жастарды ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді құрметтеуге шақырды.

Бөлім басшысы Е. Қожанжаров, діни экстремизм мен терроризмге апаратын радикалды идеологияның таралу қаупінің ошағы ғаламтор кеңістігі мен әлеуметтік желілер екендігі, одан сақтанудың жолдары туралы мағлұматтар беріп, интернет құралдарын дұрыс пайдалануға кеңес берді.

Орталық қызметкері С. Бахтияров, діннің атын жамылған түрлі мистикалық топтардың жеке адам мен жалпы қоғам өміріне төндіріп отырған қаупі, аталмыш ұйымдарға тартудың түрлі жолдары мен әдістерін қолдану арқылы жастардың миын улап, сол тордан шығалмай қалған жастардың бүгінгі жағдайлары туралы деректер мен мысалдар келтіре отырып, әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарау қажеттігіне назар аударды.  

Студенттерге Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының сенім телефоны жазылған ақпараттық парақшалар мен кітапшалар, қаламсаптар таратылды.