Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде, биылғы, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білім беруді реформалаудың маңыздылығын мәлімдеді. Яғни, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау қажеттігіне баса назар аударды. Өз ісінің мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін дәйекті шаралар қабылдауды жалғастырамыз», - деді Қ-Ж.Тоқаев.

Осыған орай, студенттермен «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Тарбағатай, Күршім, Үлкен Нарын аудандары мен Өскемен қаласының құрметті азаматы, Өскемен қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Әбілханұлы Аухадиевпен кездесу өтті.

Кездесуге сондай-ақ, Өскемен қалалық Ардагерлер Кеңесінің төраға орынбасары Ақанов Сағынбек Ақанұлы қатысып, Сайлаухан Әбілханұлымен таныстырып сөз сөйледі.

Кездесудің модераторы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергиенко Любовь Спиридоновна.

Сайлаухан Әбілханұлы, Алматы ауыл шаруашылығы институтының агроном мамандығын үздік аяқтаған соң, өз еңбек жолын Күршім ауданы Қалғұтты  совхозының бас агрономы қызметінен бастайды. Бірнеше жылдар көлемінде Үлкен Нарын ауданы Ленин колхозының бас агрономы, одан соң,  осы  колхоздың төрағасы, Марқакөл, Тарбағатай аудандарында түрлі қызметтер атқарып, облыстық деңгейде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы Министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша астық және тұқым инпсекциясының  бөлім басшысы лауазымы қызметін атқарған.

Кездесуде студент жастарға өзінің еңбек жолы мен өмірінен сыр шертті. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды, деп, жастарға ағалық ақылын айтып, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа, ұлтжандылыққа шақырды. Жастар абыройға бөленеміз, биікке көтерілеміз десеңіздер, оған тек қана білімнің, адал еңбектің арқасында ғана қол жеткізетінін ұмытпаңыздар деп, ақсақал өз сөзін аяқтады.