Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT колледжі мен аталған университет жанындағы әскери кафедра бірлесіп, Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл толуына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырды.

Шараға ауған соғысының ардагерлері арнайы шақырылып, оларға зор құрмет көрсетілді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнімен ашылып, содан кейін жауынгерлердің рухына бір минут үнсіздік жарияланды.

Колледж студенттері автоматты жинау және бөлшектеу бойынша әскери дайындық дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, әскери тақырыптағы әндер мен патриоттық өлеңдер оқылып, көрермендердің жүрегіне жол тартты.

Ардагерлер жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық рухына жоғары баға беріп, мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында елге адал қызмет етуге деген ұмтылысты қалыптастыратынын атап өтті.