Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Зерде» клубының жетекшісі Қасен Нұржайнаттың ұйымдастыруымен семинарлық сағат өткізілді. Іс-шараның мақсаты – студенттерге тарихи деректерді таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, егемендіктің маңызын ұғындыру және жас ұрпақтың отаншылдық рухын күшейту болды.

Семинар барысында 25-ГТК, 24-ТФК, 25-БЖК топтарының студенттері өз баяндамаларында  тәуелсіздіктің құрылу кезеңдері, тарихи оқиғалар, ел дамуының негізгі бағыттары жөнінде мазмұнды ақпарат берді. Студенттер белсенді түрде пікір алмасып, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен болашағы туралы өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың рөлі мен мемлекетіміздің қалыптасуындағы маңызды тағылымдар талқыланды.

Іс-шара жылы атмосферада өтіп, қатысушылар үшін пайдалы әрі тәрбиелік маңызы зор болды. Семинар соңында Тәуелсіздік күнінің ұлттық бірлікті нығайтудағы орны атап өтіліп, студенттерді елдің дамуына үлес қосуға шақырылды.