ҚР төтенше жағдайлар бойынша вице-министрі Марат Күлдіков Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да болып, жоғары оқу орнының материалды техникалық базасымен және ғылыми орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
2019 жылы университет гранттық жоба жүзеге асырып, игерілген қаражат есебінен техникалық мүмкіндіктерін арттырды.
Университет ғалымдары жоғары лауазымды қонақтарға Шығыс Қазақстан өңіріндегі су тасқыны және қар көшкіндерінің қауіпін болжау технологияларын ұсынды.
Алтай етегінде орналасқан өңірдің таулы ортасын және су көздері көп елді мекендер табиғи катаклизмаға жиі ұшырайтынын ескере отырып, университет ғалымдары адам өмірін аман алып қалуға ғылыми әдістемелердің мол екенін дәлелдеді. Әрине, мұндай мүмкіндіктер технологиялар мен қаржыландыруды талап етеді. Мамандандырылған министрлік басшылығы ШҚТУ ғалымдарының жұмысын жоғары бағалап, мұндай технологияларды елдің көптеген өңірлері қажет ететінін ескерді. Жаңа құрылғылар мен қызметтер жайын қаржыландырудың жолын қарастыратындарын хабарлады.