2026 жылғы 13–17 сәуір аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Фоундейшн дайындық бөлімінің басшысы Кусаинов Б.М. мен әдіскер Ахбота Охай Монғолия мемлекетінің Баян-Өлгий аймағында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Іссапардың басты мақсаты – шетелдегі қазақ жастарына университеттің білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру, отандық жоғары оқу орындарының бағдарламаларын насихаттау, талапкерлерге кәсіби бағдар беру, сондай-ақ қандас жастарды Қазақстанда білім алуға тарту. Сонымен қатар, бұл бастама білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жастар арасында академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталған.
Іс-шара барысында талапкерлер мен олардың ата-аналарына жан-жақты ақпарат берілді. Берік Макетханұлы университеттің білім беру бағдарламалары, қабылдау шарттары мен мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстырды. Бұл кездесулер жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына үлкен септігін тигізді. Аталған кездесу аясында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны қатысып, Фоундейшн дайындық бөлімінің басшылары өздерінің білім беру әлеуетін таныстырды. Сонымен қатар, Баян-Өлгий аймағының Білім басқармасының басшысы Серікбол Рахметұлымен ресми кездесу өткізілді. Кездесу қорытындысы бойынша Серікбол мырза қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдеріне алғыс білдіріп, болашақта екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, түлектердің сапалы білім алуына бағыт-бағдар беретін білім көрмелерін өткізу дәстүрге айналатынын атап өтті. Аймақтағы мектептермен қатар ауыл мектептеріне барып, түлектермен іс- шаралар өткізілді.
Осындай бастамалардың арқасында шетелдегі қазақ жастары сапалы білім алып, маман болып қалыптаса алады. Болашақта Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ шетелдегі қазақ балаларын оқытуға белсенді ат салысады. Фоундейшн дайындық бөлімінде білім алып, сапалы маман болуға толық мүмкіндік бар. Қуантатыны, жыл сайын Фоундейшн дайындық бөлімінің тыңдаушылары санының артып келе жатқаны. Осындай маңызды бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, шетелдегі қазақ жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша беретініне сенім білдіреміз!