Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті, оның күн тәртібінде ғылымды дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Отырыста ерекше назар медициналық инжинирингке аударылды. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің басқарма төрағасы - ректор Сәуле Жәдігерқызы қатысып, еліміздегі медициналық инжиниринг саласының дамуы мен медициналық бұйымдарды әзірлеу мәселелерін талқылау мен ғылыми зерттеулеріміз туралы баяндама жасады.
ШҚТУ бүгінде 249 ғылыми жобаны жүзеге асырып келеді. Оның ішінде медициналық бұйымдар мен импланттарды әзірлеу бойынша маңызды жұмыстар атқарылып, әр түрлі салаларда ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Бұл бағыттар арасында әсіресе травматология, ортопедия және онкология салаларындағы зерттеулерге ерекше мән берілуде.
Осы орайда ШҚТУ-дың ғылыми орталықтармен бірлесіп құрған медициналық инновациялық кластері туралы да сөз болды. Бұл кластердің негізгі бағыттары:
Травматология және ортопедия саласындағы биоүйлесімді импланттар: Аталған импланттар адам денесімен толық үйлесім табуға мүмкіндік беріп, пациенттердің сапалы әрі тиімді емделуіне жағдай жасайды.
Қатерлі ісікке қарсы жеке импланттар: Бұл импланттар қатерлі ісік ауруларының алдын алуға, емдеуге және оны басқаруға бағытталған инновациялық шешімдер ұсынады.
Имплантациялау құралдары: Бұл құралдар медициналық импланттарды орнату кезінде олардың тиімділігін арттырады және пациенттердің оңалту процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Осы жобалар елімізде медициналық бұйымдар өндірісін дамытуға және ғылыми зерттеулерді нақты өндірісте қолдануға бағытталған. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру еліміздегі денсаулық сақтау саласының сапасын арттыруға үлес қосып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті медициналық өнімдер шығару мүмкіндігін туғызады.
Үкімет отырысында медициналық өнімдерді халықаралық деңгейде сертификаттау мен коммерцияландыру мәселелері де қаралды. Қазақстанда өндірілетін медициналық бұйымдардың әлемдік нарыққа шығуы үшін халықаралық деңгейдегі серіктестіктер мен қолдау жүйелерінің маңыздылығы атап өтілді. Бұл, өз кезегінде, еліміздің медициналық инжиниринг саласына жаңа мүмкіндіктер мен даму жолдарын ашатыны сөзсіз.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті медициналық инжиниринг саласындағы зерттеулер мен инновациялық жобалар арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жаңа жетістіктерге жету үшін маңызды қадамдар жасап келеді.