Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде В065 – «Көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламалары тобы бойынша «Көлік техникасының энергетикалық қондырғылары» пәнінен XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың II кезеңі мәресіне жетті.
Дәстүрлі додаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан келген ең үздік студенттер қатысып, өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын сарапқа салды. Олимпиада барысында қатысушылар іштен жану қозғалтқыштарының конструкциясы, термодинамикалық процестер және көлік техникасындағы энергия тиімділігі мәселелері бойынша күрделі тапсырмаларды орындады.
Аталған додада Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ намысын қорғаған студент Чукмарёв Борис Юрьевич жоғары дайындық пен кәсіби біліктілік танытып, жүлделі 3-орынды иеленді. Студенттің бұл жетістігіне оның тәлімгері — тәжірибелі аға оқытушы Яковлев Владимир Сергеевичтің қосқан үлесі зор.
Бұл жеңіс университеттегі инженерлік кадрларды даярлау деңгейінің жоғары екендігін және «Көлік техникасы» саласындағы жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.