Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында «Қытай – Орталық Азия» форматындағы білім министрлерінің алғашқы кеңесі өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі іс-шараға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері де қатысты.
Кеңес жұмысына Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің білім саласына жауапты министрлері қатысты. Кеңес нәтижесінде қатысушы елдердің білім беру үдерістерін біріктіруге бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда: Министрлер кеңесінің Жұмыс регламенті мен Қорытынды декларация бекітілді. Сонымен қатар, «Қытай – Орталық Азия» білім мен өндірісті ықпалдастыру Альянсы, педагогтер біліктілігін арттыруға арналған жаһандық құрылым — Орталық Азия институты құрылып, Қытай-Қазақстан элиталық инженерлік институтын ашу жөніндегі келісімге қол қойылды.
Кеңестің маңызды нәтижелерінің бірі ретінде бірқатар бірлескен жобалар қолға алынды: Астана халықаралық медицина орталығының ашылуы, су ресурстарын орнықты пайдалану бойынша халықаралық зертхана, ауыл шаруашылығы дақылдарын биосұрыптау бойынша халықаралық зертхана және Қытай мен Орталық Азия елдерінің инновациялық энергетикалық альянсының құрылуы.
«Қытай – Орталық Азия» білім мен өндірісті интеграциялау Альянсының символдық іске қосылу рәсіміне ШҚТУ ректоры Рахметуллина Сәуле Жеңісқызының қатысуы зор мәртебе болды.
Бұл кеңес – білім саласындағы ортақ идеялар мен бастамаларға, ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашатын бірыңғай білім кеңістігін қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралар Қазақстан студент жастары үшін үлкен маңызға ие, себебі олар болашақ мамандардың білім мен кәсіби біліктілікті терең меңгеруіне жаңа мүмкіндіктер ұсынады.