Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ қабырғасында спорт саласының әлемге әйгілі майталмандарымен кездесу өтті. «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» ұраны аясында өткен бұл іс-шараның басты мақсаты – студенттерді салауатты өмір салтына тарту және спорт ардагерлерінің, тәжірибелі спортшылардың өмір жолын мысалға ала отырып жастарға қанат бітіру, жетістіктерге итермелеу.
300-ге жуық студент қатысқан кездесу аса мәнді әрі мазмұнды өтті. Шақырылған құрметті қонақтар – гір спорты мен қол күресінің сонау Кеңес қоғамындағы негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, гір спортынан тұңғыш халықаралық төреші Мұқан Ағзамов; қол күресінен Қазақстанның 15 дүркін чемпионы, Азия чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдесін иеленген, Азияның 5 дүркін чемпионы, халықаралық спорт шебері, қол күресінен ұлттық санаттағы төреші Нұрлан Қасымжанов және Әлем Кубогының күміс жүлдегері, XV Азия ойындарының күміс жүлдегері, Турин қаласындағы шеберлер арасындағы дүниежүзілік ойындар чемпионы, бүгінде Өскемен қалалық спорт бөлімін басқарып отырған Алмас Атаев. Айта кету керек, аталған жетістіктер бұл спортшылардың көптеген жеңістерінің біразы ғана.
Университеттің ғылым бойынша проректоры Олег Гавриленко қонақтарды қарсы алып, жиын мақсатын тарқатып, кездесуді ашып берді. Ал, басты ұйымдастырушы – ШҚМТУ дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі Болатбек Даумов елімізде, соның ішінде ЖОО бойынша спорт саласына үлкен назар аударылып отырғанын алға тартты. Шын мәнінде, ШҚМТУ-да студенттер мен қызметкерлер үшін спортпен айналысуға бар жағдай жасалған.
Кездесу барысында қызу сұрақ-жауап сәті болды. Студенттер қонақтардан жеңістің құны қандай болатынын, спорт жолында нені құрбан етуге тура келгендігін сұрастырды. Сондай-ақ, отбасы қолдауы қаншалықты маңызды екендігі де айтылды.
Әлемнің жүздеген елдерін аралап шыққан спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Студенттерді төзімді болуға, мақсат қоя білуге және қиындықтан тайынбауға шақырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ШҚМТУ-да ұлдар, қыздар волейбол командасы, футбол командасы, бадминтон командасы бар. Жеңіл атлетика жақсы дамыған және жыл сайын дәстүрлі түрде қыстық көпсайыс өткізіліп тұрады. Әсіресе, гір спорты, қол күресіне жастардың қызығушылығы мол. Ал спорттық бағдарлау, керлинг, пауэрлифтинг сияқты тың секциялар 2017 жылдан бері қарқынды дамуда. Оқу орнының бас корпусында орналасқан спорт залы мен фитнес залы спортсүйер студенттер үшін үнемі ашық.
Кафедра меңгерушісінің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта жиі өткізілмек. Себебі, жастар үшін тұлғалық тәжірибе, нағыз спортшының өмірі әлдеқайда нәтижелі әсер беретіні рас.
Бренд-кеңсе