2024 жылдың 14 наурыз күні Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры Нугымаров Айбек Серикболович, директордың орынбасарлары Васильев Олег Анатольевич, Рахимов Жасулан Оралбаевич Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасында арнай сапармен болып, көлік саласының білікті мамандарын даярлаудағы ортақ мәселелерді талдауға қатысты.
Жасанды интеллект адам қызметінің барлық салаларына, соның ішінде автомобиль өнеркәсібіне, белсенді түрде енгізілуде. Заманауи технологиялар көлік қозғалысы тығыз қалаларда интеллектуалды көлік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасының автомобильдердің «SMART-технологиялар зертханасы» аталған технологияларды меңгерген білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Ол үшін осы зертханада автомобильдердің интеллектуалды жүйелерін зерттеуге арналған жабдықтар бар.
Лу Бань шеберханасының «Автомобильдердің инновациялық конструкциялар зертханасы» үш сектордан тұрады:
- бірінші сектор - «Жанармай автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностика»
- екінші сектор - «Жанармай автомобильдер жүйелерін симуляциялық сынау»
- үшінші сектор - «Электрлік және гибридті автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалау».
Жалпы айтқанда, Лу Бань шеберханасы автомобиль саласындағы жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатан мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялардың ішінде - тек дәстүрлі ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдер ғана емес, заманауи электромобильдер, гибридтік автомобильдер және автомобильдердің интеллектуалды жүйелері. Сондықтан, Лу Бань шеберханасы - Қазақстан Республикасының автомобиль саласындағы кәсіпорындар өкілдері үшін инновациялық автомобильдік технологиялардың құзыреттілік орталығы ретінде жұмыс атқарады деген қорытынды жасауға болады.