Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің делегациясы қаңтардың 22-24 күндері Лондонда өтіп жатқан BETT UK 2025 халықаралық білім беру технологиялары көрмесіне қатысып, университеттің студенттері әзірлеген «SMART GUIDE» жобасын ұсынды. BETT UK 2025 – әлемдегі білім беру технологияларының ең ірі көрмелерінің бірі болып табылады және edtech саласындағы соңғы жаңалықтарды ашуға, оқу тәжірибесін жақсартуға арналған жаңа идеялармен бөлісуге тамаша алаң.

ШҚТУ-дың «Математикалық және компьютерлік модельдеу» білім беру бағдарламасының студенттері әзірлеген «SMART GUIDE» жобасы Лу Бань шеберханасының инновациялық жұмысының нәтижесі болып табылады. Бұл жоба оқу процесін жеңілдетіп, заманауи технологияларды қолдану арқылы білім алушылардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Көрменің алғашқы күндерінен-ақ Мексика, Ұлыбритания, Венгрия және Словакиядан келген ғалымдар мен сарапшылар бұл жобаға қызығушылық танытып, оның білім беру процесін жақсартуға және оқытудың ақылды құралдарын жасау әлеуетін арттыратынын атап өтті. Сондай-ақ, SPYRO компаниясының құрылтайшысы Дориан Сильвер «SMART GUIDE» жобасының қысқа мерзімде іске асырылуын жоғары бағалап, бұл бағдарламалық жасақтаманы енгізу – озық технологияларды практикалық тұрғыда жүзеге асыра алатын команданың жұмыс тиімділігінің жоғары деңгейін көрсетеді деп атап өтті.

«SMART GUIDE» жобасының бағдарламалық бөлігі оның функционалдығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бейімделу қабілетін арттырып, ұзақ мерзімді перспективада табыстылығын алдын ала анықтағаны айтылды. Жобаның жасаушыларын – Борозенец Д., Смирнов А., Бейсекенов А., Ревин А. сынды талантты студенттерді мақтан тұтып, жобаның жетекшісі Ельжан Айдархановтың еңбегін ерекше атап өтеміз.

"Лу Бань бойынша VR-тур" және "Көлікті бөлшектеу бойынша VR-тренажер" жобалары Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттілік және трансфер технологиялары орталығының қызметкерлерімен әзірленді. Оларды жасауға Руслан Қайратұлы Четтыкбаевтың жетекшілігімен Жұмабек Еламан, Мәліков Мәди, Молдақанов Мадияр және Кайгородова Виктория қатысты. Бұл технологиялар жоғары деңгейдегі интерактивтілік пен бейімделгіштікті көрсетіп, білім алу мен кәсіби даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жоба жоғары бәсекелестік жағдайында білім беру саласында жаңа мүмкіндіктерді аша отырып, техникалық білім беру мен инновацияны ұштастыратын бірегей жоба болып табылады. ШҚТУ студенттерінің шығармашылық ізденістері мен ғылыми зерттеулері еліміздің және әлемнің білім беру жүйесіне елеулі үлес қосатыны сөзсіз.