5 қазан мен 12 қараша аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Психологиялық қызметі «Әлеуметтік интеграция: стресс-менеджмент» тақырыбында тренингтер топтамасын өткізді. Сабақтар бірінші курс студенттерінің жаңа білім беру ортасына бейімделуіне қолдау көрсетуге, олардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға және стрессті басқару дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін арнайы кесте әзірленді. Тренингтер студенттердің оқу үдерісінен қол үзбей қатысуына мүмкіндік беру мақсатында сабақтан тыс уақытта, кураторлық сағаттар аясында өткізілді. Кездесулердің күндері мен уақыты академиялық топ кураторларымен алдын ала келісілді. Кураторлар білім алушылардың қатысуын қамтамасыз етіп, ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.

Тренингтермен университеттің 5 мектебі, 104 академиялық топ және 948 студент қамтылды. Жалпы қамту көрсеткіші 94,2%-ды құрады.

Сабақтар барысында бірінші курс студенттері стресстің туындау себептері мен негізгі белгілері туралы ақпарат алып, эмоционалдық жағдайды реттеу, психологиялық қысымды төмендету және стресстік жағдайларды тиімді еңсеру әдістерімен танысты.

Практикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды. Арнайы жаттығулар арқылы қатысушылар өзін-өзі реттеу, эмоционалдық жағдайын басқару және психологиялық тұрақтылықты сақтау дағдыларын меңгерді. Алынған білім мен дағдылар емтихан сессиясына дайындық және емтихан тапсыру кезеңінде айрықша маңызды.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік интеграция» бағыты аясында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер үшін «Сессияға дайындық: тиімді әрі стрессіз!» тақырыбында жеке психологиялық кездесу-тренинг ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты: студенттерді емтихан сессиясына психологиялық тұрғыдан дайындау, емтихан алдындағы қобалжуды басқаруға көмектесу және олардың өз күшіне деген сенімділігін арттыру.

Қатысушылар уақытты тиімді жоспарлау, оқу материалын жүйелі меңгеру, зейінді шоғырландыру және емтихан кезіндегі мазасыздықты төмендету әдістерімен танысты. Сондай-ақ олар психологиялық өзін-өзі реттеу техникаларын тәжірибе жүзінде қолданып, оқу жүктемесі жоғары кезеңде эмоционалдық тепе-теңдікті сақтаудың тиімді тәсілдерін меңгерді.

Мұндай тренингтер бірінші курс студенттерінің университет ортасына табысты бейімделуіне, өзін-өзі психологиялық қолдау дағдыларын дамытуға және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.