2026 жылдың 25 ақпанында Түркістан қаласында дәстүрлі EKTU QUIZ – 2026 зияткерлік ойынына Түркістан облысынан 19 команда қатысты.
Зияткерлік ойын Түркістан облысы мектеп бітіруші түлектерінің арасынан дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ болашақ талапкерлерді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға тарту және білім беру бағдарламаларына қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді.
Атаулы шараны ашу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығының басшысы Бектаев Ернар Нұралыұлы алғы сөз сөйлеп, топ мүшелеріне сәттілік тіледі. Ойын барысында қатысушылар белсенді қатысып, өз білімдерін ортаға салды.
EKTU QUIZ – 2026 зияткерлік ойыны 6 кезеңнен тұрды:
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған 18 тест сұрағы;
- «Ой алыптары» — ғалымдар туралы 3 бейнесұрақ;
- «Бес ғылым белесі» — математика, физика, информатика, биология, химия пәндерінен 13 тест сұрағы;
- «КиноМультMusic» — аталған сала бойынша 5 сұрақ;
- «ШҚТУ туралы білесіз бе?» — университетке қатысты 5 тест сұрағы;
- «Logic алаңы» — логикалық 5 сұрақ.
Жүргізуші болған ШҚТУ Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ә.С. Дауылбаева, профориентолог А. Күпбаева ойын арасындағы үзілісте кәсіби бағдар жұмысын жүргізіп, болашақ талапкерлер тарапынан қойған сұрақтарға жауап берді.
Аудандық мектептерден келген топтардың ішінен жетеуі финалға жолдама алды. Ойын нәтижесінда бірдей 37 ұпайға ие болған «Болашақ» пен «І bilim» топтары қосымша сұрақтарға топпен жауап беріп, ақтық ойынның нүктесін қойды. Аудандық қатысушылар бойынша Шардара ауданының «І bilim» тобы І орынды, Сайрам ауданының «Болашақ» тобы ІІ орынды, Кентау қаласының «Кентау грант» тобы ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Түркістан қаласының мектептер арасында ойнатылған EKTU QUIZ – 2026-ға қатысқан топтардан С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі І орынды (жетекшісі: Бердимаганбетова Анар), 34 орта мектеп ІІ орынды, Ғани Мұратбаев атындағы №5 орта мектебі ІІІ орынды иеленді.
Зияткерлік ойын қалалық Жастар ресурстық орталығында өтті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары Бимаханбетов Дінислам Нартайұлы қатысушылармен олардың жетекші мұғалімдеріне ШҚТУ туралы біраз ой қозғап, ізгі тілегін білдірді.
Зияткерлік ойын мектеп бітіруші түлектер мен мұғалімдер көңілінен шығып, ұйымдастырушы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ басшылығына, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, өз ризашылықтарын айтты.
EKTU QUIZ – 2026 зияткерлік ойынының жеңімпазадарына:
І орын алған топ мүшелеріне 4 жыл оқу мерзіміне, ІІ орынға - 2 жыл оқу мерзіміне, ІІІ орынға 1 жыл оқу мерзіміне Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ білім беру гранттарының сертификаттары табысталды.















