Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Маулен Ашимбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті алаңында мәслихат депутаттарымен, қоғам өкілдерімен және этномәдени бірлестіктер мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі өзегі – Жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдум мәселелері.
Жиын тақырыбы – «Жаңа Конституция – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі». Кездесу барысында елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттарды нығайтуға, ғылымды қолдауға және жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бастамалар жан-жақты талқыланды.
Сапар барысында Маулен Ашимбаев университеттің ғылыми жобаларымен танысып, жас ғалымдармен пікір алмасты, «Медициналық кластер» жобасымен танысты. Қазіргі таңда университет жанынан ортопедия және травматология, онкология салаларына арналған медициналық имплантаттар мен құралдарды өндіретін Қазақстандағы алғашқы кластер жұмыс істеп, 20 түрлі имплантат пен 7 түрлі медициналық құралды өндіру технологиясы әзірленген. Бүгінге дейін университетте әзірленген импланттардың 150-і науқастарға орнатылды.
Сонымен қатар «Алтай» технопаркін жаңғырту нәтижесінде жоба жаңа өндірістік деңгейге көтеріліп, имплантаттарды толық өндірістік үдеріс арқылы шығару жолға қойылуда. Бұл бастама отандық медицина өнеркәсібін дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жоғары технологиялы өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Сенат Төрағасы сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен құрылған «Қорғаныш және функционалдық жабындар» ғылыми орталығының қызметімен танысты. Орталықтың негізгі бағыттары – беттік инженерия және ұнтақ металлургиясы. Мұнда газотермиялық бүрку, химиялық-термиялық өңдеу, жұқа қабаттар қалыптастыру және ұнтақтарды шар тәріздендіру технологиялары қолданылады.
Университетте тау-металлургия кешені саласы бойынша Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығы қалыптасуда. ШҚТУ елімізде алғаш рет Horizon Europe бағдарламасының жеңімпазы атанып, TiBeRiuM жобасын ұтып алды. Аталған жоба Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясы мен Үлбі металлургиялық зауыты мүддесіне озық еуропалық технологияларды трансферттеуге бағытталған. Бұл отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының жаһандық технологиялық тізбектерге кірігуіне жол ашады.
Маулен Ашимбаев «Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен де танысты. Орталық цифрлық гуманитаристика саласында пәнаралық қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Әсіресе әлеуметтік-демографиялық үдерістерді зерделеуге басымдық берілген. Қазіргі уақытта орталық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттары аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Оның ерекше жетістігі – интерактивті демографиялық карталар мен түрлі графиктер мен диаграммаларды жедел құруға мүмкіндік беретін бірегей цифрлық деректер қоры.
Бағдарлама аясында заманауи автомобиль технологияларына арналған Лу Бань шеберханасына бару да қарастырылды. Бұл – гибридті және электрлі көліктер, автопилот жүйелері, SMART-автомобильдер және жол инфрақұрылымын зияткерлік басқару бағытында мамандар даярлайтын жоғары технологиялық білім беру алаңы.
Сенат Төрағасына электрлі және гибридті көліктерді диагностикалау мен қызмет көрсетуге арналған оқу-зертханалық стендтер, тартқыш батареялар мен күштік агрегаттарды зерттеу жұмыстары, автономды жүргізу жүйелері мен жүргізушіге көмек көрсететін интеллектуалды жүйелер таныстырылды. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану – көлік ағындарын талдау, жол жағдайларын модельдеу, пилотсыз көлікті енгізу және оны «ақылды қала» цифрлық экожүйесіне енгізу бағыттары ерекше атап өтілді.
Мәулен Ашимбаев университет қызметіне жоғары баға беріп, оның тәжірибеге бағытталған ұстанымы мен заманауи технологияларды белсенді енгізуі ел дамуының маңызды факторларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол оқу орнында елдің болашақ зияткерлік әлеуетін қалыптастырып жатқан мақсатшыл әрі білімді жас ғалымдардың көптігіне ризашылығын білдірді.
Жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдумға арналған бұл сапардың маңызы зор. Кездесудің университет қабырғасында өтуі кездейсоқ емес. Себебі ғылым, білім және инновация Жаңа Конституцияда айқындалған ел дамуының басым бағыттарының бірі. Бүгінде университеттер – тек білім беру мекемесі ғана емес, елдің технологиялық жаңғыруы мен зияткерлік серпілісінің негізгі тірегі.