Университетімізге Қазақстанның жетекші автокөлік компаниясы – «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ өкілдерінің делегациясы іссапармен келді. Визит бағдарламасы Халықаралық инженерлік мектептің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу, оқу базасымен танысу, студенттермен кездесу және университет бойынша шолу экскурсиясын қамтыды.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде делегация Халықаралық инженерлік мектептің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Кездесуде университет пен кәсіпорын арасындағы «ЖОО–Кәсіпорын» форматындағы ынтымақтастықты нығайту, ғылыми өзара әрекеттестікті дамыту, сондай-ақ дуальды оқытуды жалғастыру мәселелері талқыланды. Әсіресе студенттерге жұмысшы мамандықтарын беру және оларға ресми куәлік табыстау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Одан кейін қонақтар оқу процесінде және инженерлік кадрларды даярлауда қолданылатын материалдық-техникалық базамен танысу үшін Лу-Бань шеберханасы мен «SMART-АВТОМОБИЛЬ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ» зертханасын аралады.
Келесі кезеңде «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Механика және металдарды өңдеу», «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалысты басқару және көлікті пайдалану» білім беру бағдарламаларының студенттерімен кездесу өтті. Кездесу барысында компания өкілдері студенттерге «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ құрылымы мен қызметі, мансаптық мүмкіндіктері және дуальды оқыту форматы туралы таныстырылым өткізді. Сондай-ақ кәсіби даму, өндірістік сектормен өзара іс-қимыл және практикалық дағдыларды дамыту мәселелері қозғалды. Студенттермен кездесудің соңында қызығушылық пен белсенділікті арттырған викторина ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.
Визит бағдарламасының соңында компания өкілдері университеттің инфрақұрылымымен танысты: «Алтын Алтай» мұражайын және «Smart engineering» құзыреттер орталығын аралады. Қонақтарға университеттің ғылыми, білім беру және инновациялық қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды.
Бұл визит университет пен «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ компаниясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып, инженерия және көлік саласында сұранысқа ие мамандарды даярлауда жаңа мүмкіндіктер ашты.