Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Медиа-орталығының SMM мамандары Дамир Омаров пен Жұлдыз Тауманова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған «UniMediaX25» республикалық семинар-тренингіне қатысты. Іс-шара елдегі жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының баспасөз хатшыларын тәжірибе алмасу, медиа саласындағы заманауи әдістерді меңгеру және кәсіби дағдыларын жетілдіру мақсатында біріктірді.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен білім саласындағы баспасөз қызметтерінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, сапалы коммуникация реформалардың мәнін қоғамға жеткізуде, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруда және азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтуда шешуші рөл атқарады.

– Баспасөз хатшыларының жұмысы мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, семинар қатысушыларына Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы жетістіктері, ҒЖБМ-нің жоспарлары мен перспективалары туралы ақпарат ұсынылды. Пікірталастарға тиісті ведомстволардың басшылары мен PR және коммуникация саласындағы сарапшылар, соның ішінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов және «ZERDELI» зияткерлік орталықтар желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт қатысты.

Семинар бағдарламасы практикалық дайындыққа бағытталды. PR маманы Әсел Серікпаева «Медиа саласындағы сәтті бастама: медиамүмкіндіктерді тиімді пайдалану» тақырыбында мастер-класс өткізді, ал «Аскер медиа» ЖШС директоры Дамир Аспан журналистермен қиын жағдайларда тиімді қарым-қатынас жасау құпияларымен бөлісті.

Қатысушылар сондай-ақ сапалы медиаконтент жасау, мақсатты аудиториямен жұмыс істеу және жоғары білім мен ғылым саласындағы жаңалықтарды тиімді тарату бойынша оқытудан өтті. ҒЖБМ өкілдері жоғары білімге қатысты заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы баяндады.

ШҚТУ қызметкерлерінің «UniMediaX25» семинарына қатысуы университеттің медиажұмысын жетілдіруге жасалған тағы бір маңызды қадам болды. Қазақстанның жетекші техникалық университеттерінің бірі ретінде ШҚТУ өзінің ақпараттық саясатын дамытуға, ғылыми жетістіктер мен білім беру бастамаларын насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Мұндай семинарлар үздік тәжірибелерді меңгеруге және қазақстандық оқу орындарының баспасөз қызметтері арасындағы коммуникация деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Семинар аясында қатысушылар Астананың жетекші университеттерінің кампустарын аралап, интерактивті сессияларға қатысты және оқудан өткені туралы сертификаттарға ие болды.

ШҚТУ ғылыми коммуникация мен қоғаммен ақпараттық өзара әрекеттесу саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, медиабағытты белсенді түрде дамытуды жалғастыруда. Мұндай семинарларға қатысу мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, Қазақстанда ғылым мен білімді насихаттауға да ықпал етеді.