Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) еліміздің өңірлерінде ашылған сегіз өкілдігін таныстыру мақсатында маңызды іс-шара өткізді. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ академиялық және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында ҚСЗИ өңірлік желісін дамыту аясында жаңа Өңірлермен жұмыс бөлімі құрылып, еліміздің сегіз облысында өкілдіктер ашылды. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Ақмола және Абай облыстарында құрылған өкілдіктер ҚСЗИ-дің зерттеулерін аймақтық деңгейде жүргізу үшін маңызды алаңға айналады. Бұл жаңа бастама аймақтық аналитикалық әлеуетті нығайтуға, өңірлер бойынша жедел әрі сенімді мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

ШҚТУ аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Калиева Канша Саветкановна да аталмыш шараға қатысып, өңірлік зерттеулер мен ҚСЗИ-дің алдағы жоспарлары жөнінде тыңдаушыларға құнды пікірлерін ұсынды. Өз сөзінде ол бұл бастаманың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай рөл атқаратынын, сондай-ақ өңірлер арасындағы үйлестіруді жақсарту және әрбір аймақтың ерекшеліктерін ескеріп, нақты зерттеулер жүргізу үшін қажетті құрал болып табылатынын атап өтті.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде өңірлік желіні дамыту еліміздің аналитикалық зерттеулерінің сапасын арттырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық динамикасын тиімді бақылауға мүмкіндік беретінін айтты. «Қуатты өңірлер - қуатты ел» ұстанымын алға тартқан Еркін Тұқымов мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі - өңірлерді жан-жақты дамыту екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама экономикалық және әлеуметтік саладағы нақты көріністі аймақтардан ала отырып, сапалы талдаулар жүргізуге және өңірлерді дамыту бойынша кешенді ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

ҚСЗИ ұйымдастырған тренингте аймақ өкілдеріне оны ішінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушылары аналитикалық дағдыларды дамыту, сандық және сапалық зерттеу әдістері туралы практикалық кеңестер берілді. Шара барысында қатысушыларға ғылыми зерттеулерді жоспарлау, аналитикалық құжаттар дайындау және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері туралы нақты түсініктер ұсынылды.