2019 жылдың 21 қараша күні Шығыс Қазақстан өнер музейінде Асыл жан Фариза Оңғарсынова мен Абыз аға Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерей тойларына арналған әдеби –сазды еске алу кеші өткізілді.
Заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев, жыр падишасы Фариза Оңғарсынова – қазақ әдебиетіміздің ұлы тұлғалары.
Жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген Атыраудың ару ақыны Фариза Оңғарсынова өлеңдері өр мінезді, лирикаға толы. Ал, Әбіш Кекілбаев әдебиет майданындағы кемел ой, көркем сөзімен белгілі.
Кеш барысында ақын Фариза Оңғарсынованың лирикалық өлеңдерінен, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарынан театрланған қойылымдар көрсетілді, ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне жазылған «Анажан», «Жақсы көру», «Ауылым» әндері орындалды. Сонымен қатар кітап көрмесі ұйымдастырылды.
ШҚӨМ директоры Ұябаева Бекайым Қасымхановна «Шабыт» театрының режиссері Ертай Қасенұлына және шығармашылық ұжымына кештің өтуіне ат салысқаны үшін үлкен алғысын білдірді.
Әдеби -сазды кешімізге Д.Серікбаев ат. ШҚТМУ –дің ұстаздары мен студенттері, БАҚ өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
ШҚ Өнер музейі