2019 жылғы 21 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті ШҚО Ішкі саясат басқармасы және «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесе отырып, «Қазіргі жағдайда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Жастар жылы және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бастамасымен өткізілетін «Ел тірегі» акциясы аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Қорғаныс күштерінің ардагерлері мен офицерлері, үкіметтік емес жастар ұйымдарының, Өскемен қаласының жоғары оқу орындарындағы жастар өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. ШҚМТУ атынан іс-шараға Тимур Үсенов  18-ТМ-1 тобының оқушысы қатысты.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел жұмысының барысында Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ағымдағы жылы атқарған жұмысы таныстырылды. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған іс-шаралар аз болған жоқ. Мәселен, 2019 жылы 11-12 қазанда Жастар жылы аясында ШҚО Ішкі саясат басқармасымен және «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесе отырып, «Ұлан» әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығында ШҚО әкімінің сыйлығына арналған «Айбын» VI облыстық әскери-патриоттық жиындары өткізілді. Іс-шара әскери-патриоттық тәрбие беруді дамытуға, әскери қызметті насихаттауға және Қазақстан Республикасының Қорғаныс күштерінің мәртебесін арттыруға бағытталды. Байқаулар, презентациялар және спорттық әскери-қолданбалы түрлері бойынша түрлі жарыстар, әскери кросс, пневматикалық қарудан ату жарысы, «Айбын дауысы» вокалдық фестивалі, әскери эстафета ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында робототехника бойынша «Менің роботым» атты байқау және «IQazaqstan» зияткерлік ойыны өткізілді. Байқау нәтижелері бойынша Бас жүлдеге «Жас қыран» тобы (Семей қ.) ие болды. І орынға «Жас сақшы» тобы (Жарма ауданы) табан тіресе, ІІ орынды «Айбын» тобы (Зайсан ауданы) алды. Ал «Жас бүркіт» тобы (Өскемен қ.) ІІІ орынды қанағат тұтты.

2019 жылғы 29-31 қазанда өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, олардың азаматтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында Семей қаласының Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында «Алау» облыстық әскери-спорттық ойындары ұйымдастырылды. Жарысқа   Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарындағы «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарының 7-8 сынып оқушылары қатарынан 126 оқушы қатысты.

Сонымен қатар, 2019 жылғы 19-20 қарашада облыстың 19 қаласы мен ауданында әскери-патриоттық клубтар мен «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарының өкілдеріне арналған шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан өз тарихында бетбұрысты кезеңді бастан кешіруде. Патриоттық тәрбие беру және тарихи сананы жаңғырту мәселелері өз маңыздылығы бойынша бірінші кезекке шықты. Біздің алдымызда маңызды міндет тұр, ол – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және жас, табысты қазақстандықтардың жаңа легін қалыптастыру» - деп өз сөзін қорытындылады Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, майор Ерлан Рамазанов.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел қатысушыларымен Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ әскери кафедрасының меңгерушісі, запастағы майор Құндақбаев Мәлік Мұратбекұлы, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Анжиков Арыстанбек Серікбекұлы, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Белялов Төкен Жүнісұлы, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ әскери кафедрасының меңгерушісі, запастағы подполковник Сәлімжанов Батырхан Сейілқанұлы, Ауғанстан соғысы ардагерлері Кеңесінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Самалтыров Мұхаметали Айтпекұлы, ШҚО ІСБ «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Арайлым Есімбекова өз ойларымен бөлісті.

Аталмыш дөңгелек үстел жастарды тәрбиелеу ісі саласындағы өзекті мәселелер талқыға түскен, сонымен қатар, аға буын және елге қызмет етудің жарқын мысалдар мен қоғам қалыптастыратын идеалдар негізінде тұлға ретінде қалыптасатын қазақстандықтардың жас толқынын бір мәселенің айналасына топтастыра білген өзіндік алаңға айналды.