Дуалды оқыту моделі студенттерге теориялық біліммен қатар оны практикада қолдануға мүмкіндік береді, бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады және теориялық білімді оқу орындарында алу мен қатар кәсіпорындардағы практикалық жұмысын ұштастыратын тиімді білікті кадрларды даярлау моделін құрайды. Мысал ретінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Қостанай қаласындағы «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-мен серіктестігін келтіруге болады.

«СарыаркаАвтоПром» ЖШС - Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндірісі, мұнда автокөліктерді дәнекерлеу, бояу және құрастыру операциялары жүзеге асырылады. Бүгінде шығарылатын өнімдер қатарында JAC, Peugeot, IVECO, ANKAI, Hyundai, Ravon, Chevrolet Niva брендтері бар.

2024 жылғы 6 қазан күні біздің университеттің студенттері (Механика және металды өңдеу, Көлік, көлік техникасы және технологиялары, Көлікті тасымалдауды ұйымдастыру, көліктің қозғалысы мен эксплуатациясы білім беру бағдарламалары бойынша) Қостанай қаласына «СарыаркаАвтоПром» кәсіпорнында дуалды оқу үшін жолға шықты. Негізгі мақсат - өндірістің нақты жағдайларымен танысып, қазіргі заманғы өндіріс орындарында жұмыс істеу үшін қажетті практикалық дағдыларды меңгеру. Оқыту бағдарламасы өндірістік процестің әртүрлі кезеңдеріне қатысуды көздейді: автокөліктерді құрастырудан бастап, дайын машиналарды диагностикалау мен тестілеуге дейін. Студенттердің өндіріс орындарымен тікелей байланысы оларға кәсіпорынның қалай жұмыс істейтінін, мамандар алдында қандай міндеттер тұрғанын және салада сәтті мансап үшін қандай дағдыларды дамыту қажеттігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Зауыттағы практика техникалық ойлауды дамытуға, нақты өндірістік міндеттерді шешуге және қазіргі заманғы өндірістің өзгермелі жағдайларына бейімделуге септігін тигізеді.

Студенттерінің «СарыаркаАвтоПром» кәсіпорнына баруы дуалды оқыту жүйесінің маңыздылығын көрсетеді. Аталмыш бастамалар еңбек нарығында сұранысқа ие, нақты еңбек жағдайларына дайын білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді. Дуалды оқыту жүйесі Қазақстандағы өнеркәсіптің белсенді дамуы жағдайында кадрларды даярлаудың перспективалық моделі болып табылады.