Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламасының студенттері «Өскемен ЖЭО» ЖШС ұйымдастырған Наурыз мерекесіне арналған «Куиз - қой көтеру емес, ой көтеру» атты зияткерлік сайысқа қатысты.
Квиз ерекше қызықты әрі тартысты өтті. Барлығы 12 команда қатысып, кәсіпорынның әрбір бөлімшесі ең білімді, ойы ұшқыр ұжым атануға таласты. Сайыстың сұрақтары өндіріс пен Өскемен тарихынан бастап, кино, күй өнері және заманауи жастар әндеріне дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтыды.
Жарыс барысында қатысушылар ғана емес, көрермендер де ерекше толқынысқа бөленді. Кейде олар да өз еріктерінен тыс жауаптарын дауыстап айтып, командаларына қолдау көрсетіп отырды.
Бұған дейін «Өскемен ЖЭО»-да тәжірибеден өткен студенттер кәсіпорын жастарының тек жұмысқа берілген мамандар ғана емес, белсенді өмір салтын ұстанатын жан-жақты тұлғалар екеніне көз жеткізді. Мұндай шаралар ұжымды бір арнаға тоғыстырып, бейресми ортада жақындастыра түседі. Ал біздің студенттер осы үлкен ұжымның бір бөлшегіне айналып үлгерді.
Іс-шараны ұйымдастырғандарға алғысымызды білдіреміз! Кәсіпорынға толағай табыс пен тұрақты даму тілейміз!