Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық-құрылыс компаниясы «VK Development Group» ЖШС өкілдерімен студенттердің кездесуі өтті. Іс-шара кәсіби бағдар беру бағдарламасы аясында, мансаптық өсу мен даму мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан студенттер үшін ұйымдастырылды.
«VK Development Group» компаниясының HR-маманы Анна Сасаки компанияның құрылыс және инженерлік салаларда инновациялық шешімдер әзірлеуге дайын жас таланттарды тартуға белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол студенттерге компанияның ірі жобалары, құндылықтары мен негізгі жетістіктері туралы айтып берді.
«VK Development Group» өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері Тимур Афтахов компанияның құрылымы, қазіргі жобалары және жас мамандар үшін кәсіби өсу перспективалары туралы ақпаратпен бөлісті. Ол студенттер үшін тағылымдамалар, оқу және тәлімгерлік бағдарламалары қарастырылғанын ерекше атап өтіп, олардың нақты жобаларда жұмыс істеуге бірден кірісу мүмкіндігін беретінін жеткізді.
Персонал іріктеу маманы Динара Рахманова мансаптық мүмкіндіктер, жұмысқа қабылдау үдерістері және компанияның кандидаттарға қоятын талаптары туралы әңгімеледі. Ол «VK Development Group» тек техникалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің өзін-өзі дамытуға және командалық жұмысқа деген ұмтылысын жоғары бағалайтынын айтты.
Сонымен қатар компания өкілдері студенттер үшін викторина ұйымдастырып, өткізді. Оның қатысушылары өз білімдерін тексеріп қана қоймай, құрылыс саласындағы жұмыс ерекшеліктері туралы пайдалы ақпарат алды. Ең белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шараның соңында қатысушылар кері байланыс сауалнамаларын толтырып, өз ұсыныстарын айтып, қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Ең көп қызығушылық тудырған тақырыптардың қатарында тағылымдамадан өту және корпоративтік білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері болды.
Бұл кездесу студенттерге инвестициялық-құрылыс компаниясындағы жұмыс жағдайлары туралы көбірек білуге, сондай-ақ тәжірибелі мамандардан сұрақтарына жауаптар мен кеңестер алуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, жас мамандардың кәсіби өсуі үшін қолайлы жағдай жасайды.