Ел басшымыздың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Заң және тәртіп» идеологиясын түсіндіру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) студенттерімен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты - жастар арасында «Заң және тәртіп» идеологиясын түсіндіру, азаматтық жауапкершілік, заңды сақтау және адал еңбекке ұмтылу қажеттілігін ұғындыру болды.

ШҚТУ студенттерімен өткен іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негіздерін түсіндіріп, адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оқушыларға заңды сақтау, саналы азамат болу және жеке, қоғамдық деңгейде табысты болашақ құру жолында адал еңбек ету аса маңызды екендігі айтылды.

Кездесуде патриотизмге тәрбиелеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Талгат Мамырбекович жастардың заңды құрметтеу және өз Отанының дамуына үлес қосу қажеттілігін түсінуі тиіс екенін атап өтті. Ол жастарды адал еңбекке, білімге және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Іс-шараның соңында студенттерге заң мен парасаттылық құндылығын сақтаудың практикалық аспектілері ұсынылды. Кездесу жастардың үлкен қызығушылық танытып көкейлерінде туындаған түрлі сұрақтарына жауап алды.

Кездесу барысында студенттерге сыбайлас жемқорлықтың мәні мен салдары туралы айтылып, онымен күресудің жолдары түсіндірілді. Бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің маманы шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген сөзін келтірді. Бұл сөздер жастарға тәрбие мен білімнің маңыздылығын, сондай-ақ қоғамның мүддесі үшін әрекет ететін тұлға болып қалыптасу қажеттілігін ұғындырады.