Алғашқы жылы күндердің келуімен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған экологиялық сенбілікке белсене қатысты.

Жастар ерекше себеп күтпей-ақ, туған кампустың аумағын ретке келтіру үшін сенбілікке шығып, таза әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Бұл бастама облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың үндеуіне қолдау ретінде де кеңінен қолдау тапты.

Қолдарына қолғап, қоқыс салатын қаптар алып, көтеріңкі көңіл күймен шыққан студенттер қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін көрсетіп, тазалыққа қамқорлық әр адамның өзінен басталатынын дәлелдеді.

Сенбілік — бұл тек аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және өзіміз өмір сүріп, білім алып, болашағымызды қалыптастырып жатқан кеңістікке деген құрметті нығайтудың маңызды қадамы.

Бүгін студенттер кампус аумағын тазаласа, ертең жаңа экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастырады.

Таза университет — таза ой — таза болашақ!

ШҚТУ студент жастар арасында экологиялық сана мен белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.