Университетіміздің Startup  Академиясы студенттерінің екі командасы республикалық «Startup «Bolashak-business Pavlodar» атты жастар стартап-жобалары байқауына қатысу мәртебесіне ие болды.

Байқаудың мақсаты – жастардың сапалы өмір сүру стандарттарын қалыптастыруға және жетілдіруге, сондай-ақ алдыңғы қатарлы білім мен технологияларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне көшіруге бағытталған жас ұжымдардың бизнес-бастамаларын қолдау.

Байқау ұйымдастырушылары: «Болашақ» «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «Жастар бастамаларын дамыту орталығы», Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.

«IT Pro» және «Blackpear» ШҚМТУ командалары қаржы қоры бір миллион жеті жүз мың теңге құрайтын сайыста еліміздің үздік техникалық ЖОО-ларымен бақ таласпақ (1-ші орын - 800 000 (сегіз жүз мың) теңге, 2-ші орын - 600 000 (алты жүз мың) теңге; 3 орын - 300 000 (үш жүз мың) теңге). Үміткерлеріміз IT және мобильді қосымшалар құру саласында жобалар дайындайды. «IT Pro» командасының  жобасы - әлемде теңдесі жоқ жаңа форматтағы адамдарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша бірегей сайт құрастыру. «Blackpear» командасының  жобасы - студенттер порталы, университет сайты, сондай-ақ оқытушылар мен  студенттердің үлгерімділігіне және сабақ кестесіне мониторинг жасауға мүмкіндік беретін жаңалықтар арнасын біріктіретін смартфондарға арналған мобильдік қосымша жасау.

Байқау 15-18 қараша аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтеді.

Д.Серікбаев ат. ШҚМТУ ұжымы мен студенттері тарапынан біздің жас таланттарымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!

Айбек Байкенов
ШҚМТУ Стартап Академиясының жеткешісі