Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) өкілдері Польша Республикасының Люблин қаласындағы Мария Кюри-Склодовская университетінің (UMCS) химия факультетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Делегация құрамында профессор Идришева Жанат Кабылбековна, докторант Тоқтағанов Тоғжан Шалқарұлы және студент Нұрпеисов Алтай Елтайұлы болды. Тағылымдама халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған NAWA PROM академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Польшаның Ұлттық академиялық алмасулар агенттігі (NAWA) жүзеге асыратын PROM бағдарламасы студенттердің, докторанттардың және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің қысқа мерзімді халықаралық академиялық ұтқырлығын қолдап, жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Тағылымдама барысында ШҚТУ өкілдері UMCS-тің Химия факультеті мен Химия ғылымдары институтының басшылығымен кездесіп, екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ делегация студенттер және білім беру сапасы жөніндегі проректор Dorota Kołodyńska-мен кездесіп, білім беру үдерісін ұйымдастыру тәжірибесімен алмасып, ынтымақтастықтың келешек бағыттарын қарастырды.

Сонымен қатар делегация Химия факультетінің Аналитикалық зертханасында болып, университеттің заманауи ғылыми жабдықтарымен, зерттеу инфрақұрылымымен және зертхананың ғылыми мүмкіндіктерімен танысты. Тағылымдама қатысушыларға ғылыми және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және екі университет арасындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Аталған тағылымдама Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Мария Кюри-Склодовская университеті арасындағы серіктестікті нығайтудың тағы бір маңызды кезеңі болды. Ол ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашты.