Измайлов Леонид, Денисов Владислав, Ерболат Диас және Закеров Саяттан құралған Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ командасы 2026 жылғы 25–27 маусым аралығында Ыстықкөл жағалауында, Қырғыз Республикасында өткен «Green & Digital Solutions for Central Asia – 2026» халықаралық өңірлік хакатонының жеңімпазы атанды. Іс-шараның ұйымдастырушылары - И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті, Халықаралық электрбайланыс одағы, сондай-ақ Германия Үкіметінің тапсырмасы бойынша GIZ іске асыратын «Орталық Азия үшін кәсіби жасыл дағдылар» өңірлік жобасы (PROGRESS).
Хакатонға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 122 команда қатысты. Ұлттық іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша өңірлік финалға тұрақты даму, жасыл технологиялар және цифрлық шешімдер салаларындағы инновациялық жобаларын ұсынған ең үздік 12 команда ғана жолдама алды.
ШҚТУ командасы заманауи экологиялық қауіпсіз материалдарды әзірлеуге арналған «TiC негізіндегі көп реттік сүзгілер» жобасын сәтті қорғап, сарапшылар бағалауының нәтижесінде I орынға ие болды.
Хакатонның жалпы жүлде қоры 5 000 АҚШ долларын құрады. Финалдағы жеңісі үшін ШҚТУ командасы бас жүлде - 2 000 АҚШ долларымен марапатталды.
Бұл жеңіс білім алушылар мен жас ғалымдардың жоғары дайындық деңгейінің, зерттеушілік әлеуетінің және тұрақты даму саласындағы заманауи сын-қатерлерге жауап беретін инновациялық шешімдер жасауға деген ұмтылысының айқын нәтижесі болды.
«VERITAS» орталыңының жас ғалымдар командасын шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жетістіктер, жарқын жеңістер және ғылыми қызметте табыс тілейміз. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін халықаралық деңгейде лайықты таныта беріңіздер!
