Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті III «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасының ұйымдастырушысы әрі қабылдаушы жоғары оқу орны болды. Ауқымды білім беру жобасы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде «Пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық барлау» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан үздік студенттердің басын қосты.
Универсиада Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің бастамасымен ұйымдастырылып келеді және бүгінде геология саласына білікті кадрлар даярлауға бағытталған маңызды білім беру алаңына айналды. Биыл универсиаданы өткізу эстафетасын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қабылдап, тәжірибелік кезеңді Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы «Простор» оқу-далалық лагерінде өткізді.
Бірнеше күн бойы қатысушылар далалық маршруттардан өтіп, геологиялық зерттеулер жүргізді, тау жыныстарының үлгілеріне талдау жасап, кәсіби тапсырмаларды орындады. Осы арқылы олар теориялық білімдерінің тереңдігін ғана емес, заманауи геологқа қажетті практикалық дағдыларын да жоғары деңгейде көрсетті.
Универсиаданың жабылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Жолдаспекұлы Нұрғалиев, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев және Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Таңірбергенқызы Шәкулікова қатысты.
Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Ербол Нұрғалиев Шығыс Қазақстанның еліміздің жетекші тау-кен өнеркәсібі өңірлерінің бірі екенін атап өтіп, инженерлер мен геологтарды сапалы даярлау өңірдің де, мемлекеттің де тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты.
Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев геологиялық универсиаданың инженерлік қоғамдастықтың маңызды дәстүріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба дарынды жастарды, ғылым мен өндіріс өкілдерін біріктіріп, болашақ геология мамандарының кәсіби қалыптасуына зор ықпал етеді.
Өз кезегінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шәкулікова Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ұйымдастырушылық жұмысына жоғары баға беріп, қатысушыларды 2027 жылы Атырау қаласында өтетін IV «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасына шақырды.
Интеллектуалдық және далалық кезеңдердің қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: І орын: Nazarbayev University-дің «Туристер» командасы,ІІ орын: Satbayev University-дің «Сульфидтер» командасы,ІІІ орын: Қазақстан-Британ техникалық университетінің «Британдықтар» командасы.
Универсиада аясында колледж студенттерін қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің студенті Никита Эйсфельд Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің бректорының білім грантына ие болды. Ал осы колледждің студенті Айдан Жақсыбекке Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ректорлық білім гранты табысталды.
Жабылу салтанатының маңызды сәттерінің бірі: универсиада эстафетасының Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне салтанатты түрде табысталуы болды. Осылайша, 2027 жылы Қазақстанның мұнайлы астанасы -Атырау қаласы IV «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасын қабылдайды.
III «Сәтбаев» Қазақстандық геологиялық универсиадасының табысты өтуі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің инженерлік білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы ықпалдастықты дамытудағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Университет республикалық деңгейдегі ірі білім беру жобаларын ұйымдастыру арқылы кәсіби қауымдастықты біріктіріп, Қазақстанның геология және тау-кен өнеркәсібі үшін жоғары білікті мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосуды жалғастырып келеді.







