Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған республикалық конкурста университеттің жетекші ғалымдары жеңімпаз атанғанын мақтанышпен хабарлайды. Қолдау Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық дамуының басым бағыттары аясында көрсетілді. Атап айтқанда: экология және табиғатты ұтымды пайдалану, озық технологиялар мен материалдар, елдің зияткерлік әлеуеті, сондай-ақ өмір мен денсаулық туралы ғылым.
Гранттық қолдау ШҚТУ-дың жоғары ғылыми және зерттеу әлеуетін айғақтайды, университеттің ұлттық деңгейдегі жетістіктерін мойындауды білдіреді және оны Шығыс Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде көрсетеді. Университет ғалымдары академиялық ғылымды дамытумен қатар, өңірдің әл-ауқатына және жалпы еліміздің орнықты дамуына тікелей әсер ететін қолданбалы мәселелерді шешуге де белсенді атсалысуда.
Конкурс қорытындысы бойынша келесі ғылыми жобалар қолдау тапты:
- «Ежелгі Еуразиялық металлургия жүйесіндегі Шығыс Қазақстанның қалайы кеніштері». Ғылыми жетекшісі: Водясов Евгений Вячеславович, тарих ғылымдарының кандидаты, «Алтын Алтай» музейінің аға ғылыми қызметкері.
- «W/W-NiCr негізіндегі композиттік жабындарды әзірлеу және оларды термоядролық реактор диверторының жұмыс режимін модельдейтін жағдайларда сынау». Ғылыми жетекшісі: Байділдина Айжан Төлеубекқызы, PhD, сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің қауымдастырылған профессоры, аға ғылыми қызметкер.
- «Қан газометриясы технологиясына негізделген гематология мен диабетологиядағы клиникалық шешімдерді қолдаудың интеллектуалды жүйесін математикалық және алгоритмдік қамтамасыз ету». Ғылыми жетекшісі: Рахметуллина Жеңісгүл Төлеуханқызы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры.
- «Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі қазақстандық отбасы: жаңғырту жағдайындағы институционалдық өзара әрекеттестіктің әлеуеті мен мәселелері». Ғылыми жетекшісі: Столярова Элеонора Олеговна, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері.
- «Шығыс Қазақстан: Семей және Өскемен қалаларының әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-мәдени трансформациясының траекториялары». Ғылыми жетекшісі: Алексеенко Александр Николаевич, тарих ғылымдарының докторы, ВАК доценті, «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері.
- «Өскемен қаласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауыз су сапасына әсерін бағалау». Ғылыми жетекшісі: Идришева Жанат Қабылбекқызы, техника ғылымдарының кандидаты, Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры.
- «Түсті металлургия кәсіпорындарының антропогендік әсер ету аймақтарындағы топырақ сапасын зерттеу». Ғылыми жетекшісі: Саденова Маржан Әнуарбекқызы, химия ғылымдарының кандидаты, Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту зертханасының жетекші ғылыми қызметкері.
- «Қазақстандағы ойынға тәуелділіктің кешенді зерттеуі және алдын алу моделі: пәнаралық тәсіл». Ғылыми жетекшісі: Сайфулина Наиля Михайловна, PhD, Зерттеулер офисінің жетекші ғылыми қызметкері.
Бұл жобалардың маңызы ғылыми қауымдастық шеңберінен асып түседі. Олар экологиялық жағдайды жақсартуға, медицинаны цифрландыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, зияткерлік капиталды дамытуға және мәдени бірегейлікті нығайтуға бағытталған. ШҚТУ жүзеге асырып жатқан ғылыми бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып, Қазақстан Республикасының орнықты дамуына ықпал етеді.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өзінің негізгі миссиясын – отандық ғылымды дамыту, жаңа білім қалыптастыру және қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне жауап бере алатын ғылыми кадрларды даярлауды – табандылықпен жалғастыруда.