Ташкент қаласында өткен «Орталық Азиядағы орнықты даму мақсатында климаттың өзгеруінің табиғи ресурстарға әсерін жұмсарту жолдары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры Ж.Қ. Идришева мен «Жасыл химия және орнықты даму» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Тоғжан Тоқтағанов қатысты.

Ауқымды ғылыми форумды Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі, ЮНЕСКО, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА/МАГАТЭ), БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Халықаралық миграция ұйымы (ХМҰ), сондай-ақ шетелдік жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе ұйымдастырды.

Конференция өңірді климаттық өзгерістерге бейімдеу, су және мұздық ресурстарын сақтау, сондай-ақ жасыл технологияларды енгізу бойынша ғылыми негізделген шешімдерді талқылау үшін ғалымдардың, зерттеушілердің, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің басын қосты.

Су мен климатты зерттеудің заманауи әдістеріне арналған тақырыптық сессия аясында университетіміздің өкілдері «АУЫР МЕТАЛДАРДЫҢ ВЕРТИКАЛДЫ МИГРАЦИЯСЫН БАҒАЛАУ ҮШІН ИЗОТОПТЫҚ ГИДРОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ: Ертіс өзені үшін тәжірибе мен перспективалар (Қазақстан)» атты бірлескен баяндама жасады. Баяндама ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыруының AP26194633 «Өскемен қаласындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының ауыз су сапасына әсерін бағалау» (06.10.2025 ж. № 400/25-27ГК шарты бойынша) гранттық жобаны іске асыру аясында дайындалды.

Баяндамада Ертіс өзенінің экологиялық жағдайын кешенді бағалау үшін ядролық-физикалық және изотоптық әдістерді пайдаланудың нәтижелері мен болашағы ұсынылды.

Осындай ауқымды халықаралық іс-шараларға қатысу ғылыми байланыстарды нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және Орталық Азия өңірінің экологиялық мәселелерін шешудегі қазақстандық ғылымның рөлін арттыруға ықпал етеді.