Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ғылыми қауымдастық өкілдеріне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Аталған іс-шара ғылыми қауымдастықтың конституциялық реформаны жүзеге асырудағы, заң үстемдігін нығайтудағы, халықтың құқықтық мәдениетін арттырудағы және жаңа Конституцияның құндылықтарын кеңінен насихаттаудағы маңызды рөлін айқындады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, "Біздің Конституциямыз - тәуелсіздік пен еліміздің орнықты дамуының берік негізі". Конституция – мемлекеттің Негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар еліміздің даму бағытын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құжат. Сондықтан оның мәні мен мазмұнын халыққа түсінікті тілмен жеткізу - баршамызға ортақ міндет», – деп атап өтті.

Іс-шараға университетіміздің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының оқытушылары Ж. Садвакасова, С. Линок және Г. Қапасова қатысты. Олар жаңа Конституцияны қабылдау кезеңінде сарапшы ретінде белсенді жұмыс атқарып, конституциялық реформаның негізгі ережелерін халық арасында түсіндіруге елеулі үлес қосты.

Жоғары кәсібилігі, белсенді қоғамдық қызметі және жаңа Конституцияның ережелерін түсіндіру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін университет оқытушылары Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Университет өкілдерінің республикалық деңгейдегі бұл маңызды іс-шараға қатысуы – оқу орнының жоғары ғылыми-сарапшылық әлеуеті мен елдегі конституциялық реформаны іске асыруға қосқан үлесінің айқын дәлелі. Университет алдағы уақытта да құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, ғылыми-сарапшылық қызметті дамытуға, білікті мамандар даярлауға және конституциялық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.