Университетте қазақ халқының бай рухани мұрасын, ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық дәстүрлерге деген құрметті дәріптейтін Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Іс-шара барысында студенттер мен оқытушылар домбыраның шығу тарихымен, оның қазақ халқының өміріндегі ерекше орнымен және тарихи жадыны сақтаудағы маңызымен танысты. Домбыраның ғасырлар бойы тек музыкалық аспап қана емес, халықтың рухани мұрасын сақтаушы болғаны, ал күй өнері арқылы ел тарихы, ұлттық салт-дәстүрлер, дүниетаным мен рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жеткені айтылды.

Мерекелік шараның көркін студенттердің шығармашылық өнер көрсетуі айшықтай түсті. Олар қазақтың әйгілі күйші-композиторларының күйлерін орындап, көрермендерге ұлттық музыканың терең мазмұны мен ерекше әуезін паш етті. Домбыраның күмбірлеген үні қатысушыларға халқымыздың бай мәдени мұрасын тереңірек сезінуге және ұлт рухымен үндесуге мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында Ұлттық домбыра күнінің қазіргі Қазақстан үшін маңызына ерекше назар аударылды. Бүгінде домбыра – ұлттық бірегейліктің, халық бірлігінің және мәдени мұраны сақтаудың басты нышандарының бірі. Жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетті дәріптеу мен дәстүрлі өнерді насихаттау өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, отансүйгіштік рухын нығайтуға және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға қызмет етеді.

Сонымен қатар ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеу қоғамдық келісімді нығайтуға және жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Домбыра – өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты жалғайтын, ұлттың рухани тұтастығын айқындайтын қасиетті мұра.

Осындай мәдени-танымдық іс-шаралар студенттердің туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және Қазақстанның бай мәдени мұрасын сақтауға ықпал етеді.