Астана күні қарсаңында университетте елорданың қалыптасуы мен даму тарихына арналған ақпараттық-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - студенттерді Астананың қалыптасу кезеңдерімен, сәулеттік келбетімен, мәдени маңызымен және еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ерекше рөлімен таныстыру.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан астанасының көшірілу тарихы, қаланың сәулеттік даму ерекшеліктері, тәуелсіз Қазақстанның символына айналған бірегей сәулет нысандары, сондай-ақ елорданың еліміздің әкімшілік, ғылыми және білім беру орталығы ретінде дамуы туралы мазмұнды ақпарат алды.
Іс-шара аясында Астананың тарихына, сәулетіне, қала құрылысына, Қазақстанның мемлекеттік даму кезеңдеріне және елорданың қалыптасуына үлес қосқан көрнекті тұлғаларға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме қатысушылардың елорданың тарихи даму жолы мен оның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызы туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында елорданың дамуы мен еліміздегі саяси жаңғыру үдерістерінің өзара байланысына ерекше назар аударылды. Конституциялық реформаның жүзеге асырылуы және Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер құқық үстемдігін нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және «Әділетті Қазақстанды» құру қағидаттарын іске асыруға жаңа серпін бергені атап өтілді. Мемлекеттің басты саяси орталығы ретінде Астана осы оң өзгерістердің айқын көрінісі әрі елдің тұрақты дамуының символы болып табылады.
Осындай танымдық іс-шаралар студенттердің ел тарихына, мемлекеттік құндылықтарға деген құрметін арттырып, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі даму бағытын тереңірек түсінуге ықпал етеді.



