Ол Марқакөл өңірінің тумасы, ұлағатты ұстаз, Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың филология ғылымдарының докторы, профессоры, қазақ филология ғылымдарының дамуына өзіндік үлесін қосқан тұлға. Жақсыкелді Дүсіпқанұлының өнегелі өмір жолы университетпен тұтасып жатыр. Еңбек жолын ассистенттіктен бастап, кафедра меңгерушісі, қазақ тілі факультетінің деканы, тәрбие ісі және әлеуметтік дамыту жөніндегі проректорлыққа дейін көтерілді.
Ашылу салтанатына университет ардагерлері, профессорлары және басқалары әріптесін, досын, ұстазын құттықтап, шуақты сәттерімен бөлісті. Жаңа ашылған дәрісхананың лентасын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы - Ректор Сәуле Жәдігерқызы мен Жақсыкелді Дүсіпқанұлы салтанатты түрде қиды. Шашу шашып, жылы лебіздерін білдірді.
Адами ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнаған ғалым-ұстаз, тәлімі мол Жаксыкелді Дүсіпқанұлы өнегелі ғұмыры өзгелерге үлгі. Шара соңында ақ батасын беріп, аманшылық тіледі. Тәрбиелеп өсірген перзенті - Арман Жақсыкелдіұлы ардақты әкесінің аты берілген атаулы дәрісхананың ашылуына демеуші болып отыр.