Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде мектеп бітіруші түлектерге арналған «Пайдалы демалыс» дайындық курсы өз мәресіне жетті. Шығыс Қазақстан облысының орта мектептерінен жиналған 11-сынып оқушылары төрт күн бойы білімдерін тереңдетіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге жүйелі түрде дайындалды.

Аталған курс оқушылардың математика, информатика және физика пәндері бойынша білімін жетілдіруге бағытталды. Дәрістер барысында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың білікті оқытушылары заманауи оқыту әдістерін пайдаланып, теориялық материалды практикалық тапсырмалармен ұштастырды. Сонымен қатар, оқушылар тест тапсырмаларын орындау дағдыларын дамытып, ҰБТ-ға қажетті білім қорын толықтырды.

Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл дайындық бағдарламасы түлектерге сенімділік сыйлап, алдағы маңызды сынаққа жан-жақты дайындалуға септігін тигізді.