Көктем бізге қуаныш, жаңа үміт және ерекше көңіл күй сыйлайды. Көктеммен бірге келген қысқы бал университетіміздің атмосферасын ерекше күйге бөледі. 15 наурызында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттеріне арналған «Студенттік бал» мерекелік кеші қаламыздың керемет мейрамханаларының бірі болып саналатын «EVENTHAAL» мейрамханасында өткізілді.
Балға жиналған қонақтар сазды әуенге, сұлулық пен әсемдікке бөленді. Сәнді киімдер, әсем мәнерлер, ерекше әсерлі билер әлемі кеш қызығын арттыра түскендей. Бал студенттердің өнерімен ашылды. Балға қатысушылар вальс ырғағымен айналып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін, сұлулыққа деген махабаттарын вальс арқылы білдіруге тырысты. Университетіміздің мәдени өміріндегі айтулы шараның басты мақсаты - жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен сұлулыққа баулу.
Ғажайып кешке 20 жұп қатысып, орталарынан 4 жұп суырылып шығып, өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті, би биленді, ән айтылды, поэзия да оқылды.
Жұптардың өнерлерін бағалау үшін әділ қазылар алқасы сайланды, құрамында ШҚТУ түлектері ШҚО Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ҚММ директоры, Өскемен қалалық маслихатының депутаты Айдос Әділбеков және шоумен Нұрасыл Әлібеков болды. Сондай ақ, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы Туғамбаева Қорлан Төлеубекқызы, Өскемен қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық маслихатының депутаты Ербол Бақытжан, қалалық әлеуметтік желі «Ilove uka» журналисі, Өскемен волонтерлер фронт-офисінің басшысы және «Алтай Өскемен» футбол клубының медиа-офицері Айдана Алтайбекқызы болды.
Іс-шараның бас демеушісі «Қазмырыш» компаниясы болды, ал Alumni club -түлектер ұйымы қатысушыларға зор қолдау көрсетті.
Бал соңында жеңіске жеткен жұптар анықталды. Балдың ханзадасы 23-ССК-1 тобының студенті Кинатов Санжар пен ханшайымы 21-ЭЛК-2 тобының студенті Тұрсынғали Мөлдір атанды. Үздік шығармашылық нөмірді Диас Кәкенов пен Адель Мырзабекованың өнерлері иеленді.
Кеш барлық қонақтар үшін жарқын және есте қаларлықтай өтті, орта әр қонақтың қуанышы мен энергиясына толы болды.