Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да биылғы оқу жылында қорытынды ғылыми кеңес өтті. Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жадыра Конурбаева жазғы емтихан сессиясының қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан техникалық университетін 1135 бакалавр, 189 магистр, 10 докторант бітірді. Оның ішінде 101 түлек оқуды үздік аяқтады. Білім алушылардың үлгеріміне талдау жүргізіліп, 529 студент жазғы семестрге қалды. Олардың басым бөлігі бакалавриатта оқиды.

Жиында Ғылыми кеңестің келесі оқу жылына арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланып, сонымен қатар, 2022-2023 оқу жылының бірінші семестріне Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы тағайындалды. Академиялық қызмет басқармасының бастығы Әсия Машекенова жоғары білім алу процесінде босаған ҚР БҒМ және ЖАО бос білім беру гранттары кімге берілгенін хабардар етті.

Қаралған сұрақтардың тағы бірі - Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Эндаумент қорын құру болды. Жоғары оқу орнының заңгері қорды құру туралы және оның жұмысы қалай жүзеге асырылатыны туралы өз баяндамасында егжей-тегжейлі айтып берді. Ғылыми кеңес мүшелері мәселелерді талқылауға белсене қатысып, өз ұсыныстарын айтты.